Preview

Қазақстан-Британ техникалық университетінің хабаршысы

Кеңейтілген іздеу

Вестник Казахстанско-Британского технического университета

Ағымдағы шығарылым

Том 23, № 2 (2026)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР

12-25 78
Аңдатпа

Мақалада импульстік әсер ету жағдайындағы квазисызықты интегро-дифференциалдық жүйелерді басқару мәселесі қарастырылады. Импульстік әсер ету сәттерін анықтайтын теңдеулерге енгізілген әлсіз сызықты емес ауытқулардың ықпалы зерттеледі, бұл өзгермелі импульстік сәттері бар жүйелерді талдау қажеттілігіне әкеледі. Импульстік әсер ету сәттерін бекітілген теңдеулерге келтіру әдісі қолданылады, бұл классикалық басқару әдістерін пайдалануға мүмкіндік береді. Жүйені бастапқы күйден берілген соңғы күйге ауыстыруды қамтамасыз ететін басқару әдістері әзірленді. Интегро-дифференциалдық теңдеулер шешімдерінің болуы мен бірегейлігі шарттары, сондай-ақ белгілі бір шығын функционалын минимизациялауға бағытталған басқаруды орташа оңтайландыру мәселесі қарастырылды. Алынған нәтижелер автоматты реттеу, дискретті және үздіксіз әсер ететін динамикалық жүйелерді модельдеу, сондайақ технологиялық және экономикалық процестерді басқару міндеттерінде қолданылуы мүмкін. Бұл жұмыс дифференциалдық теңдеулер, басқару теориясы және қолданбалы математика салаларындағы мамандар үшін қызықты болады.

26-34 55
Аңдатпа

(2+1)-өлшемді жалпыланған Бенджамин-Оно теңдеуі таяз су бетінде таралатын кіші амплитудалы, ұзын толқынды толқындардың таралуын модельдейді. (2+1)-өлшемді жалпыланған Бенджамин-Оно теңдеуінің нақты шешімдерін құрастыру эксперименттік зерттеулерді теориялық тұрғыдан негіздеумен қатар, сызықтық емес толқындар динамикасында туындайтын қолданбалы мәселелерді шешуге берік әрі қатаң негіз береді. Мақалада дисперсиялық әсерлерді ескере отырып, сызықтық емес ортада (2+1)-өлшемді жалпыланған Бенджамин-Оно теңдеуімен сипатталатын толқындардың таралуын зерттейміз. Осы мақсатта айқын шешімдер алудың аналитикалық құралдары ретінде синус-косинус функциялары әдісі және гиперболалық тангенс әдісі қолданылады. Бұл әдістер математикалық физикада кездесетін кең ауқымды сызықтық емес теңдеулер класын шешуде тиімді екенін көрсетеді. Аталған тәсілдер арқылы периодты толқындық шешімдер және жекеленген толқын шешімдер алынды; алынған нәтижелерді көрнекі көрсету үшін параметрлердің тиісті мәндерін таңдап, 3D және 2D графиктер жасалды.

35-45 46
Аңдатпа

Интегралды-дифференциалдық теңдеулерді зерттеу қажеттілігі жаратылыстану мен техниканың бірқатар салаларындағы көптеген қолданбалы есептермен негізделеді. Процестің немесе құбылыстың тарихын сипаттайтын интегралды-дифференциалдық теңдеулерді зерттеу, интегралдық мүшенің қатысуын ескере отырып, В. Вольтерраның еңбектерінен бастау алады. «Тұқым қуалаушылықты», «салдарды» есепке алудың әртүрлі тәсілдері белгілі. Вольтерра типті интегралды-дифференциалдық теңдеулер жүйесінің көппериодты және квазипериодты шешімдерінің бар болуын анықтау әрдайым бірмәнді шешіле бермейтінін атап өтеміз. Арнайы дифференциалдау операторы бар дербес туындылы интегралды-дифференциалдық теңдеулер жүйесі қарастырылады. Периодтық сипаттамалар әдісін қолдану арқылы мұндай жүйелер шешімдерінің көпбейнесінің интегралдық көріністері салдарларымен бірге құрылды. Итерацияланған ядролар мен шешімдердің кейбір қасиеттері анықталып, сонымен қатар бағалаулар алынды. Көппериодты есептің Грин типті матрицалық функциясының бар болу шарттары және сәйкес бағалаулары бар интегралдық көрінісі табылды. Ақырлы эредитарлы интегралды-дифференциалдық жүйенің интегралдық көпбейнесі болатын көппериодты шешімнің бар болуы мен жалғыздығының жеткілікті шарттары алынды.

46-52 50
Аңдатпа

Роджерс жарты торының локалды және глобалды инварианттарын зерттеу – нөмірлеу теориясындағы маңызды әрі іргелі мәселелердің бірі. Глобалды инварианттарға универсал нөмірлеудің болуы, минималды нөмірлеулер саны, бүкіл жарты тордың қуаттылығы және жарты тордың тор болу критерийі сияқты қасиеттер жатады. Ал локалды инварианттар жарты тор ішіндегі бастапқы сегменттер мен аралықтар тәрізді құрылымдарды сипаттайды. Егер кез келген нөмірлеуі нөмірлеуіне көшірілсе, онда нөмірлеуі универсал балады. Универсал нөмірлеуді зерттеу жарты торлардың құрылымын және олардың жіктелуін түсіну үшін маңызды. Мақалада Ершов иерархиясының шекті деңгейлерінде орналасқан есептелімді жиындардың шекті үйірлері үшін универсал нөмірлеулердің болуы қарастырылады. Негізгі нәтиже – есептелімді жиындардың кез келген екі элементті S үйірі үшін Ершов иерархиясының үшінші деңгейінде қарастырылатын Роджерс жарты торында универсал нөмірлеудің бар екендігі дәлелденеді.

53-60 54
Аңдатпа

Мақала сегментте анықталған локалды емес интегралдық «серпімді» шеттік шарттары бар Штурм– Лиувилл еселі дифференциалдау операторы үшін қойылған спектралдық есепті зерттеуге арналған. Қарастырылатын шеттік шарттар регулярлы болғанымен, күшейтілмеген регулярлы класқа жататындықтан, мұндай есептерді зерттеу спектралдық теория тұрғысынан елеулі теориялық қиындықтар туындатады және классикалық әдістерді тікелей қолдануға мүмкіндік бермейді. Зерттеудің негізгі мақсаты квадраттары қосындыланатын функциялар кеңістігінде меншікті және қосарланған функциялар жүйесінің базистік қасиеттерін анықтау, сондай-ақ олардың орнықтылығы мен орнықсыздығын жан-жақты талдау болып табылады. Жұмыста интегралдық «серпімді» Самарский–Ионкин типіндегі есеп дербес жағдай ретінде қарастырылып, оның меншікті және қосарланған функциялар жүйесінің Рисс базисін құрайтындығы дәлелденеді. Сонымен қатар, шеттік шарттардағы интегралдық ядроның шамалы өзгеруі кезінде базистік қасиеттердің сақталу немесе бұзылу шарттары айқындалады. Рисс базисін құрайтын түбірлік векторлар жүйесі мен жәй базисте құрмайтын меншікті және қосарланған функциялар жүйелерінің жиындарының L1 кеңістігіндегі тығыздығы дәлелденеді. Алынған нәтижелер локалды емес шеттік шарттары бар дифференциалдық операторлардың спектралдық теориясын дамытуда, сондай-ақ локалды емес әсерлерді ескеретін қолданбалы есептерді зерттеуде пайдаланылуы мүмкін.

61-74 52
Аңдатпа

Мақалада бөлікті тұрақты аргументі бар импульсті гиперболалық теңдеу үшін шеттік есеп қарастырылады. Бөлікті тұрақты аргументі бар импульсті гиперболалық теңдеулер нейрондық желілердегі, динамикалық жүйелердегі, гибридтік жүйелердегі және т.б. физикалық процестерді сипаттаудың математикалық моделі ретінде пайда болады. Осындай теңдеулер үшін шеттік есептердің бар болуы және шешімдерін құру сұрақтары қазіргі таңда маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл есептің шешілімділік шарттарын алу үшін Джумабаевтың параметрлеу әдісі қолданылады және жұмыста шешімнің жуық мәнін табуға арналған итерациялық алгоритм жасалды. Итерациялық процестің әрбір қадамы үшін функционалдық параметрлер арасындағы байланысты сипаттайтын Q(x) матрицасы арқылы өрнектелетін интегралдық формулалар алынды. Егер осы матрицаның керісі бар болса, онда есептің параметрлік және бастапқы түрлері үшін шешімнің бар болуы мен жалғыздығы дәлелденеді. Ұсынылған әдіс есептің тек теориялық шешілуін дәлелдеумен шектелмей, шешімді табудың нақты құрылымдық процедурасын ұсынады. Бұл әрі қарайғы сандық жүзеге асырулар мен шешімдердің орнықтылығын талдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ұсынылған тәсілді бөлікті тұрақты аргументі бар басқа типтегі есептерге, соның ішінде импульстік шарттары бар жүйелерге, жады әсері бар нейрондық желілерге және бейсызық гибридтік модельдерге қолдануға болады.

75-82 33
Аңдатпа

Мақалада еркін Новиков алгебрасындағы Ли элементтері мен симметриялық (Төрткен) элементтер зерттеледі, сондай-ақ нөлден өзге мультилиниялы элементтің осы екі класқа бір мезгілде тиесілі болу мүмкіндігі қарастырылады. Стандартты мультилиниялы Ли базисінде берілген элементтердің симметриялық ішкікеңістікке тиесілігін тексеру үшін Эйлер операторы мен нөлдік лагранжиан критерийі қолданылады. Ли бөлігі үшін бірінші айнымалысы бекітілген сол жақтан нормаланған коммутаторлар пайдаланылады, олар мультилиниялы бөліктің ыңғайлы базисін құрайды. жағдайы коммутаторларды Новиков көбейтіндісі арқылы жіктеу және Эйлер операторын қолдану арқылы айқын түрде қарастырылады. дәрежелері үшін сәйкес сызықтық жүйелер құрылып, Wolfram Mathematica және Albert бағдарламаларында есептеу жолымен шешіледі. Есептеулер барлық үшін мультилиниялы Ли ішкікеңістігі мен симметриялық элементтер ішкікеңістігінің қиылысуы тривиалды екенін көрсетеді. Демек, 7-дәрежеге дейін еркін Новиков алгебрасында бір мезгілде әрі Ли элементі, әрі симметриялық элемент болатын нөлден өзге мультилиниялы элемент жоқ. Бұл нәтижелер мәселені жоғары дәрежелерде зерттеуге бастапқы негіз болады.

83-107 43
Аңдатпа

Мақалада шу кедергілерін ескере отырып, қалалық көше каньондарындағы ластаушы заттардың таралуын болжаудың гибридті тәсілі ұсынылған. Әдістеме егжей-тегжейлі CFD модельдеуін және назар аудару механизмі бар BiLSTM нейрондық желі архитектурасына негізделген суррогат модельді біріктіреді. 0,1H, 0,2H және 0,3H тосқауыл биіктігі бар конфигурациялар зерттелді. CFD есептеулері тосқауыл биіктігінің аэродинамикаға және ластаушы заттардың жиналу аймақтарының қалыптасуына сызықтық емес әсер ететінін көрсетті, ал ең күрделі стационарлық емес мінез-құлық 0,2H биіктікте байқалды. Суррогат модель кедергісіз және 0,1H тосқауыл жағдайларында концентрация эволюциясын сәтті болжады, орташа абсолюттік пайыздық қателіктің 15%-дан аз екенін көрсетті. Алайда 0,2H тосқауыл үшін процестің жоғары дәрежедегі стационарлық емес сипатына байланысты қарқынды турбуленттілік аймақтарында дәлдік төмендеді. Бұл тәсіл физикалық дәлдікті сақтай отырып, есептеу шығындарын айтарлықтай азайтады, сондықтан қалалық экологиядағы шешім қабылдауды қолдау жүйелері үшін перспективалы болып табылады. Модель CFD есептеулерімен салыстырғанда болжауды 7–8 есе жылдам қамтамасыз етеді: қорытындылау уақыты 1–5 мс болса, бір CFD модельдеуін орындау CPU-де шамамен 54 сағатты алады.

108-123 52
Аңдатпа

Мақалада біртекті емес ортадағы дыбыс жылдамдығының кеңістіктік таралуын қалпына келтіруге бағытталған толқындық теңдеу үшін кері коэффициенттік есептің шешімі қарастырылады. Тікелей есепті шешу үшін Лаплас түрлендіруі қолданылады, бұл уақытқа тәуелділікті жоюға және жиілік аймағындағы қарапайым дифференциалдық теңдеулерге көшуге мүмкіндік береді, сөйтіп есептеу шығындарын айтарлықтай азайтады. Кері есеп оңтайландыру мәселесі ретінде тұжырымдалады: есептелген және өлшенген акустикалық қысым мәндері арасындағы сәйкессіздік функционалын азайту стохастикалық жаһандық оңтайландыру әдісі – дифференциалдық эволюция (Differential Evolution) көмегімен жүзеге асырылады. Сандық эксперименттер көпқабатты орта моделінде (құм, топырақ, тас, су, ауа) кездейсоқ шу қосылған синтетикалық деректерді пайдалана отырып жүргізілді. Орта шекараларындағы қателерді азайтуға мүмкіндік беретін бейімделгіш құрама қалпына келтіру әдісі ұсынылды. Нәтижелер әдістің жоғары дәлдігін көрсетеді: дыбыс жылдамдығының профилін қалпына келтірудің салыстырмалы қателігі шамамен 2,5–4,3% құрады, бұл тәсілдің акустикалық диагностика және томография есептері үшін тиімділігін растайды.

124-132 55
Аңдатпа

Мақалада кездейсоқ ортадағы (ландшафттағы) кездейсоқ жүріс үшін үлкен сандар заңы дәлелденеді. Мұндай тізбектердің шектік мінез-құлқы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қарқынды зерттеліп келеді. Алынған нәтижелер көптеген жағдайларда белгісіз параметрлердің статистикалық бағалауларының дәйектілігін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бұрын алынған нәтижелерден айырмашылығы, бұл жұмыста кездейсоқ ортадағы кездейсоқ жүрістің қосылғыштарының әртүрлі үлестірімдерге ие болуына және олардың центрленбеген болуына жол беріледі. Сонымен қатар, қосылғыштардың бірдей үлестірілген әрі тәуелсіз болуы талап етілмейді. Олардың бірдей математикалық күтімге ие болуы және өзара корреляцияланбауы жеткілікті. Зерттеу барысында ықтималдықтар теориясының классикалық әдістері қолданылды: әртүрлі ықтималдық теңсіздіктері (Берри–Эссен, Гёльдер, Ляпунов), сондай-ақ шектік теоремалар (орталық шектік теорема және үлкен сандар заңы). Қарастырылып отырған модель бөлшектің кездейсоқ ортадағы қозғалысын сипаттайтын физикалық интерпретацияға ие.

КОМПЬЮТЕРЛІК ҒЫЛЫМДАР

133-149 60
Аңдатпа

Бұл жұмыста энергия жүктемесі болжамдарының дәлдігін арттыруға және болжам үлгілерінің де, сұранысқа жауап беру (DR) стратегияларының да тиімділігін бағалауға арналған кешенді көп кезеңді жүйе ұсынылған. REFIT деректер жинағын пайдалана отырып, сызықтық регрессия, кездейсоқ орман, SVR, k-NN, LSTM және зейін механизмі бар гибридті кодтаушы-декодерді қамтитын болжам үлгілерінің иерархиясына салыстырмалы талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, зейін механизмі бар әзірленген гибридті кодтаушы-декодер үлгісі деректердегі күрделі уақытша үлгілерді танудың жоғары қабілетін көрсетіп, ең жақсы дәлдікке (R² = 0.91, MAPE = 2.39%) қол жеткізді. Қатаң көп кезеңді тестілеу осы терең оқыту үлгісінің тұрақтылығы мен жоғары жалпылау қабілетін растады. Үй энергиясын басқару жүйесін (HEMS) оңтайландыру үшін аралас бүтін санды сызықтық бағдарламалау (MILP) негізіндегі үлгіге жоғары дәлдіктегі болжам енгізілді. Нәтижелер көрсеткендей, бұл кешенді құрылым құрылғылардың жұмысын оңтайлы жоспарлау арқылы энергия шығындарын 22.5%-ға айтарлықтай қысқартып, ең жоғары жүктемені 31.8%-ға азайтты. Бұл жұмыс алдыңғы қатарлы жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі болжауды ресми энергияны оңтайландырумен біртұтас кешенді жүйеде қалай тиімді біріктіруге болатынын көрсетеді. Бұл әдіс тұтынуды, әсіресе ең жоғары жүктеме сағаттарында, дәлірек болжауға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар ЖИ-дің энергия желілерінің икемділігін және ақылды үйлердің энергия тиімділігін айтарлықтай жақсарта алатынын көрсетеді.

150-158 32
Аңдатпа

Қазіргі денсаулық сақтау жүйелері ауруханалар, зертханалар және цифрлық платформалар арасындағы құрылымдалған ақпарат алмасуға барған сайын тәуелді болып отыр. HL7 v2.x стандарты осындай өзара байланыс үшін негіз болып табылады, алайда оның синтаксисінің өзгермелілігі мен міндетті емес сегменттердің болуы машиналық түсіндіруді қиындатады. Осы мәселені шешу мақсатында құрылымдық оқыту мен семантикалық валидацияны біріктіретін HL7 хабарламаларын автоматтандырылған өңдеуге және жіктеуге арналған гибридті жасанды интеллект моделі әзірленді. Эксперименттік жұмыс барысы 3000 пациенттің өмірлік циклі мен 7000-нан астам ADT хабарламасын қамтитын синтетикалық деректер жиынтығын генерациялаудан, кейін оны парсинг, белгілер инженериясы және бақыланатын оқыту кезеңдерінен өткізу арқылы жүзеге асырылды. Бастапқы классификаторлар ретінде логистикалық регрессия, кездейсоқ орман (Random Forest) және градиенттік бустинг модельдері сыналды. Сонымен қатар, атаулы нысандарды тану (Named Entity Recognition) мен тұрақты өрнектерді (Regular Expressions) біріктіретін семантикалық қабат іске асырылды. Бұл дәрігердің аты-жөні, медициналық ұйымның атауы және диагноз индикаторлары сияқты контекстік белгілерді ескеруге мүмкіндік берді. Қайта оқытудан кейін ансамбльдік модельдер айтарлықтай жақсару көрсетті: Random Forest моделінің дәлдігі 9,3%-ға, ал F1 көрсеткіші 7,0%-ға артты. Нәтижелер семантикалық белгілерді қосу модельдің түсіндірілгіштігі мен тұрақтылығын арттыратынын, сондай-ақ құрылымдық хабарламаларды синтаксистік талдау мен олардың мағыналық мазмұнын түсіну арасындағы алшақтықты қысқартатынын дәлелдеді. Ұсынылған гибридті деректерді өңдеу конвейері интероперабельділік саласындағы интеллектуалды шешімдерді әзірлеу мен FHIR стандартымен үйлесімді жаңа буындағы медициналық деректер алмасу жүйелерін құрудың негізі бола алады.

159-170 44
Аңдатпа

Нақты уақыттағы ағындық жүйелер үздіксіз деректер ағынының әсерінен жадқа тұрақты жүктемеге ұшырайды, бұл hot-tier сақтау қабатының шексіз өсуіне әкеледі. Ақпараттың өмірлік циклін басқару (Information Lifecycle Management, ILM) тәсілдері негізінен корпоративтік архивтеу жүйелерінде қолданылған және көпдеңгейлі жад архитектурасын пайдаланатын контейнерленген ағындық пайплайндарда жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Бұл жұмыста саясатқа негізделген жеңіл ILM механизмі ұсынылады, ол Kafka–Apache Flink пайплайнына енгізілген және үш деңгейлі сақтау моделін қамтиды: MongoDB (hot-tier), TimescaleDB (warm-tier) және Parquet файлдары (cold-tier). Асинхронды тазалаушы ағын (sweeper thread) жазбаларды τ_hot және τ_cold уақыт шектеріне сәйкес деңгейлер арасында жылжытады, осылайша ағындық өңдеуді бұзбай, hot-tier толып кетуін болдырмайды. Жад тиімділігін, деңгейлер бойынша деректерге қол жеткізу кідірісін, шектерге сезімталдықты, масштабталуды және ұзақ мерзімді жұмыс тәртібін бағалау үшін бес эксперимент жүргізілді. Нәтижелер ILM қолдану MongoDB жадын ең жоғары деңгейде пайдалануды 81%-ға азайтатынын көрсетті (106.96 ± 1.63 МБ-тан 20.28 ± 1.81 МБ-қа дейін, p < 0.001), бұл ретте Flink жүйесінің өткізу қабілеті мен өңдеу кідірісі өзгеріссіз қалады. Жад шектеулері секундына 200-ден 1000ға дейін хабарлама жылдамдығында тұрақты сақталады. 90 минуттық қосымша эксперимент үш деңгейлі өмірлік циклдің дұрыс жұмыс істейтінін дәлелдейді: MongoDB тұрақты шекте қалады, TimescaleDB 2.28 миллион warm-tier жазбасын жинақтайды, ал Parquet cold-tier архивін қалыптастырады. Бұл нәтижелер нақты уақыттағы контейнерленген ағындық жүйелерде деректердің өмірлік циклін тиімді және аз шығынмен басқару тек дерекқорлардың ішкі мүмкіндіктері мен файлдық жүйе операцияларын пайдалану арқылы жүзеге асырылатынын көрсетеді.

171-186 57
Аңдатпа

Мақалада экзомдық секвенирлеу нәтижелері бойынша алынған орыс тіліндегі клиникалық мәтіндерден құралған аннотацияланған корпус ұсынылады. Аталған корпус гендерге, мутацияларға, тұқым қуалайтын ауруларға, фенотиптік белгілерге және олардың клиникалық маңыздылығына қатысты атаулы нысандар мен семантикалық байланыстарды автоматты түрде анықтау міндеттерін қолдау мақсатында әзірленген. Корпусты қалыптастыру барысында нақты клиникалық экзомдық секвенирлеу есептері пайдаланылып, деректер алдын ала анонимдендіру және мәтінді нормалау кезеңдерінен өткізілді. Таңбалау үдерісінде HGVS, OMIM, ClinVar және HPO сияқты халықаралық стандарттар мен білім базалары басшылыққа алынып, биомедициналық ақпараттың бірізділігі мен дәлдігі қамтамасыз етілді. Корпуста 25 000-нан астам биомедициналық нысан және 6000-нан астам семантикалық байланыс қамтылып, бұл оны көлемі мен мазмұны жағынан клиникалық генетика саласындағы маңызды ресурсқа айналдырады. Аннотациялау бірнеше сарапшының қатысуымен қолмен жүргізіліп, нәтижелер кросс-тексеру арқылы салыстырылды, сондай-ақ аннотациялаушылар арасындағы келісім деңгейі арнайы метрикалар арқылы бағаланды. Алынған нәтижелер корпустың жоғары сапасын және сенімділігін көрсетеді. Дайын корпус медициналық генетика саласындағы табиғи тілді өңдеу модельдерін оқыту мен бағалауға, клиникалық шешім қабылдауды қолдау жүйелерін дамытуға және генетикалық деректерді құрылымдауға арналған қолданбалы зерттеулерде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

187-204 47
Аңдатпа

Бүгінде ақылды өндіріс жүйелерін құру – өзекті міндет. Күрделі өндірістік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін нейрондық желілер кеңінен қолданылады. Мақала GEMMA моделінің бөлігі ретінде өнеркәсіптік жабдықтардың күйін анықтауға арналған DQN, PPO сияқты нейрондық желілер негізінде құрылған арматурамен оқыту алгоритмдеріне арналған. Француздық GEMMA моделі SFC (Sequential Function Charts) тіліне негізделген және процестерді басқару стандарттарын қамтиды. GEMMA моделінің D аймағына нейрондық желілерді енгізу ұсынылады. Модельдеу және эксперимент нәтижелері екі түрлі деректер базасы негізінде жүзеге асырылды: біреуі жасанды түрде жасалды, екіншісі өнеркәсіптік өндірістен алынды. Қарастырылған архитектураларды қолдану өнеркәсіптік деректермен жұмыс істеу үшін жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

205-217 43
Аңдатпа

Қазіргі таңда медицина саласында ағылшын тілінен қазақ тіліне сапалы және дәл аудару – медициналық ақпараттың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды мәселелердің бірі. Бұл ғылыми жұмыста кеңінен қолданылатын Google Translate және Yandex Translate секілді машиналық аударма жүйелерінің медициналық мәтіндерге қатысты дәлдігі мен тиімділігі зерттелді. Зерттеудің негізгі мақсаты – ағылшын тіліндегі медициналық терминдер мен күрделі сөйлемдерді қазақ тіліне мағыналық және стилистикалық тұрғыдан дұрыс аудару жолдарын қарастыру. Осы мақсатта халықаралық медициналық мақалалар, клиникалық зерттеулер және дәрі-дәрмек сипаттамаларынан тұратын 102 374 сөйлем жинақталып, арнайы корпус жасалды. Корпус MarianNMT нейронды машиналық аудармада оқытылып, қазақ тіліне аударылды. Аударма нәтижелерін жеңіл постредакторлеу үшін Kaz-RoBERTa трансформерлік моделі және толық постредакторлеу үшін Үлкен Тілдік Модельдердің (LLM) бірі GPT-4.1 моделі қолданылып, оның медициналық мәтіндерге бейімделу мүмкіндіктері қарастырылды. Аударма сапасы BLEU, TER және METEOR метрикалық бағалау көрсеткіштері арқылы өлшенді. Бастапқы MarianNMT машиналық аудармадан кейін алынған аудармалар мен Kaz-RoBERTa мен GPT-4.1 модельдерінен кейінгі нәтижелер салыстырмалы түрде ұсынылды. Талдау нәтижелері көрсеткендей Kaz-RoBERTa моделінен кейін алынған аудармалар бастапқы MarianNMT машиналық аудармадан кейінгі алынған аудармадан BLEU метрика бойынша 9%-ға жоғары нәтиже, ал GPT-4.1 моделінен кейін 23%-ға жоғары нәтиже көрсетті. Қазақ тілі лингвист мамандар баға беруі бойынша, Kaz-RoBERTa моделі қолданылғаннан кейінгі алынған аудармаларда термин, лексика бойынша қателер саны азайғаны байқалды. Ал GPT-4.1 моделінен кейін аударма стильдік және семантикалық жағынан жақсарғанын көруге болады. Мақалада қарастырылған модельдер қазақ тіліне ұқсас түркі тілдеріндегі медицина саласындағы аудармаларды постредакторлеу саласында қолдануға болады.

218-232 47
Аңдатпа

Ғимараттар әлемдік энергия тұтынудың айтарлықтай бөлігін құрайды, олардың ішінде жылыту, желдету және ауаны баптау (HVAC), сондай-ақ ылғалдылықты реттеу жүйелері негізгі үлеске ие. Ережеге негізделген дәстүрлі басқару стратегиялары ішкі және сыртқы ортаның динамикалық жағдайларына бейімделе алмайды, сондықтан деректерге негізделген басқару әдістерін қолдану өзекті болып отыр. Зерттеу жұмысында EnergyPlus бағдарламасында модельденген бір зоналы ғимараттағы температура мен ылғалдылықты бір мезгілде басқаруға арналған көпагентті күшейте оқыту (MARL) жүйесін ұсынады. Ұсынылған тәсіл орталықтандырылған оқыту және орталықсыз орындау (CTDE) қағидасына негізделген таратылған Importance Weighted Actor-Learner Architecture (IMPALA) алгоритмін қолданады. Мұнда екі агент – температура және ылғалдылық агенттері – жоғары дәлдіктегі симуляциялық кері байланыс негізінде үйлестірілген саясаттарды үйренеді. Нәтижелер оқытудың жоғары тиімділігін көрсетті: екі агенттің де орташа қадамдық марапаттары айтарлықтай артты (температура бойынша +18.9%, ылғалдылық бойынша +33.7%), бұл олардың тиімді өзара әрекеттесуін және тұрақты үйренуін дәлелдейді. Үйретілген басқару жүйесі ережеге негізделген базалық жүйемен салыстырғанда жылулық жайлылық деңгейін (орташа айырмашылық ≈ 0.04 °C, PMV ≈ 0.45) сақтай отырып, энергияны үнемдеуге қол жеткізді. Жылдық HVAC жүйесінің энергия тұтынуы 8.9%-ға азайды, ал ең үлкен үнем ылғалдандыру энергиясында байқалды – 34.4%-ға төмендеді. Жылыту және салқындату жүктемелері іс жүзінде өзгеріссіз қалды, бұл жайлылық деңгейін төмендетпей-ақ энергия үнемдеуге қол жеткізілгенін растайды.

233-241 45
Аңдатпа

Генеративті жасанды интеллект (ЖИ) синтетикалық деректерді жасау, болжамдық аналитиканы жетілдіру және күрделі міндеттерді автоматтандыру арқылы қаржылық технологияларды (FinTech) түрлендіруде. Мақалада қаржы саласындағы деректердің жетіспеушілігі мен үнемі өзгеріп отыратын алаяқтық үлгілері жағдайында дәстүрлі машиналық оқыту модельдерінің шектеулері қарастырылады. Біз несиелік скорингті, алаяқтықты анықтауды және қаржылық құжаттарды автоматтандыруды жетілдіруге арналған генеративті қарсылас желілерді (Generative Adversarial Networks, GAN), үлкен тілдік модельдерді (Large Language Models, LLM) және вариациялық автоэнкодерлерді (Variational Autoencoders, VAE) біріктіретін жаңа гибридті тәсілді ұсынамыз. Біздің әдіс деректер жиынтықтарын теңгерімдеу үшін синтетикалық деректер генерациясында шартты кестелік GAN-ды (Conditional Tabular GAN, CTGAN), транзакциялық деректердегі аномалияларды анықтау үшін VAE-ні және түсінікті есептер мен құжаттарды қалыптастыру үшін LLMді қолданады. Эксперименттік нәтижелер GAN арқылы толықтырылған деректер негізінде оқытылған модельдердің теңгерімсіз деректер жиынтықтарында несиелік скоринг бойынша AUC көрсеткішін 8%ға, ал алаяқтықты анықтау бойынша F1-өлшемін 18%-ға арттырғанын көрсетті. Арнайы сәйкестік қабаты демографиялық әділетсіздікті 37%-ға төмендетті. Зерттеу нәтижелері мұқият әзірленген генеративті ЖИ жүйесінің FinTech қосымшаларында модельдердің өнімділігін, әділеттілігін және операциялық тиімділігін айтарлықтай жақсарта алатынын, сонымен қатар маңызды этикалық және реттеушілік мәселелерді шешуге ықпал ететінін растайды.

242-249 42
Аңдатпа

Несиелік карталармен алаяқтық көбінесе онлайн-сатып алу кезінде орын алады, сондықтан қаржылық шығындардың алдын алу үшін оны анықтаудың тиімді әдістерін қолдану маңызды. Мақалада модельдердің сапасын арттыру мақсатында синтетикалық деректер генерациясын қолданатын алаяқтықты анықтау тәсілдері қарастырылады. Зерттеу барысында Kaggle несиелік карта транзакцияларының деректер жиынтығы пайдаланылып, SMOTE әдісі деректерді теңестіру үшін қолданылды, себебі алаяқтық жағдайларының үлесі барлығы 0,2% құрайды. Сатып алу мінез-құлқын жақсырақ түсіну үшін ерекшеліктерді инженерлік талдау жүргізілді. XGBoost, LightGBM, Random Forest, нейрондық желі және логистикалық регрессия сияқты бес машина оқыту моделі салыстырылды; дәлдік, еске түсіру, F1-мера және жалпы дәлдік көрсеткіштері бағаланды. Нәтижелер XGBoost моделі ең жоғары F1 көрсеткішін (82,57%) және жоғары дәлдік (93,75%) пен еске түсіру (73,77%) нәтижелерін көрсеткенін анықтады. Барлық модельдер жоғары дәлдікке (99,9%-дан жоғары) қол жеткізгенімен, зерттеу алаяқтықты анықтау кезіндегі дәлдік пен еске түсірудің маңыздылығын атап өтеді. Қорытындылай келе, синтетикалық деректер мен градиенттік бустинг алгоритмдерін біріктіру онлайн-төлемдер қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

250-261 53
Аңдатпа

Табиғи тілді өңдеу (NLP) әдістері соңғы жылдары кең таралған және іздеу жүйелерінде, шешімдерді қабылдауды қолдаудың интеллектуалды платформаларында және басқа да көптеген жасанды интеллект қосымшаларында белсенді түрде қолданылады. Бұл саладағы негізгі міндеттердің бірі – субъект-предикатобъект форматындағы үштік қатынастарды шығару. Мұндай құрылымдар құрылымдалмаған мәтіндерді реттелген деректерге аударуға мүмкіндік береді және осылайша білім графиктерін құруға және логикалық талдауды ұйымдастыруға негіз болады. Ағылшын немесе қытай сияқты бай ресурстық базасы бар тілдер үшін бұл мәселе қазірдің өзінде жақсы шешілген. Алайда ресурсы шектеулі тілдер үшін, соның ішінде қазақ тілі үшін, таңбаланған корпус пен арнайы лингвистикалық ресурстардың аз болуына байланысты мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Жұмыста XLM-RoBERTa архитектурасына негізделген үлгіні оқыту үшін қолданылатын синтетикалық түрде жасалған деректер есебінен ресурстық базаны кеңейтуді көздейтін тәсіл ұсынылады. XLM-RoBERTa – BERT үлгісінің жетілдірілген нұсқасы; ол алдын ала оқытуға арналған ауқымды корпусымен және кросс-тілдік тасымалдау міндеттеріндегі жоғары тиімділігімен ерекшеленеді, бұл әсіресе ресурстары шектеулі тілдер үшін маңызды. Эксперименттік зерттеулер ұсынылған әдістің F1метрика бойынша 90,73% нәтижеге қол жеткізетінін көрсетті. Бұл нәтиже XLM-RoBERTa сияқты озық үлгілер мен жасанды деректер арқылы кеңейтудің салыстырмалы түрде қарапайым әдістерін үйлестіру күрделі тілдік құрылымдарды өңдеу сапасын айтарлықтай арттыра алатынын растайды. Жасалған қорытындылар ұсынылып отырған тәсілді ресурстары шектеулі тілдерге арналған NLP жүйелерін дамытудың перспективалы бағыты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нәтижелер оны ақпараттық іздеу жүйелеріне, білімді басқару платформаларына және көптілді интеллектуалды қосымшаларға практикалық тұрғыдан енгізу мүмкіндігін көрсетеді.

262-275 37
Аңдатпа

Мақалада арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды қашықтықтан оқытуға арналған қауіпсіз мамандандырылған онлайн-платформаны жобалаудың өзекті мәселелері қарастырылады. Білім беруді цифрландыру инклюзив үшін жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр, алайда жаппай шешімдер көбінесе цифрлық, когнитивтік және әлеуметтік кедергілерге ғана назар аударып, арнайы білім берудегі нақты қажеттіліктерді ескермейді. Зерттеудің мақсаты – қолжетімділік, жекелендіру және киберқауіпсіздік мәселелерін жанжақты талдай отырып шешетін қауіпсіз және бейімделгіш білім беру ортасының тұжырымдамалық моделін әзірлеу. Жобада әртүрлі арнайы қажеттіліктері бар балалардың ыңғайлылығы қарастырылды, соның ішінде сенсорлық сфераның бұзылуы, аутистикалық (ASD) және гиперкинетикалық (ADHD) ауытқудың дамуы талданды, соның негізінде пайдаланушы интерфейсі мен тәжірибесін (UI/UX) жобалаудың негізгі принциптері тұжырымдалды. Ұсынылған платформа архитектурасы интеллектуалды мазмұн мен интерфейсті бейімдеу жүйесін, жекелендірілген білім беру траекторияларын сондай-ақ премодерация функциясы бар қауіпсіз байланыс модульдерін қамтиды. Жеке деректерді қорғауды, кибербуллингтің алдын алуды және қолжетімділікті бақылауды қамтамасыз ететін көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесіне ерекше назар аударылады. Мақала инклюзивті цифрлық білім беру ортасын құруға бағытталған білім беру технологияларын әзірлеушілер, педагогтер мен оқу орындары әкімшіліктері үшін практикалық маңызы бар жұмыс.

276-289 44
Аңдатпа

Мақалада қызмет көрсету торы технологиясы микросервис жүйелеріндегі қызметаралық байланысты басқаруға арналған арнайы инфрақұрылымдық қабат ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – желілік қабатты құрудың архитектуралық принциптерін талдау, өнімділік шығындарын бағалау және оны Kubernetes кластерлеріне енгізудің практикалық тәсілдерін көрсету. Мақалада басқару жазықтығы мен деректер жазықтығын бөлу моделі, мөлдір трафикті бағыттау үшін sidecar үлгісін пайдалану, mTLS енгізу және телеметрияны автоматты түрде жинау сипатталған. Әдебиеттерге шолу және ашық бастапқы кодты құжаттама негізінде функционалдық мүмкіндіктері, енгізу күрделілігі және ресурстарды тұтынуы бойынша үш негізгі іске асырудың – Envoy, Istio және Linkerd – салыстырмалы талдауы келтірілген. HTTPS трафигін басқару және Prometheus–Grafana–Jaeger–Kiali бақылау стегімен біріктіру үшін Gateway, VirtualService және DestinationRule манифесттерін пайдаланатын Istio конфигурациясының практикалық мысалы ұсынылған. Зерттеу нәтижелері Service Mesh технологиясының кідіріс пен ресурстарды тұтыну тұрғысынан орташа шығындарды арттырғанымен, микросервистер арасындағы қауіпсіздік пен трафикті орталықтандырылған түрде басқаруды қамтамасыз ететінін көрсетті. Алынған нәтижелер жүйенің масштабы мен қауіпсіздік талаптарына байланысты кәсіпорындық микросервис платформаларында Service Mesh технологиясын қолданудың орындылығы бойынша практикалық ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

290-311 56
Аңдатпа

Күріш Үндістандағы азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылады, миллиондаған адамның тіршілігін және ұлттық экономиканы қолдайды. Алайда тұрақсыз климаттық жағдайлар күріш өнімділігін болжап болмайтын деңгейге жеткізеді. Бұл зерттеу Уттаракханд штатындағы Удхам Сингх Нагар ауданында күріш өнімділігін болжау үшін ауа райы, топырақ және егін деректерін біріктіретін машиналық оқыту жүйесін әзірлейді. Негізгі классификаторлар арасында CatBoost ең жақсы нәтижелерді көрсетті: дәлдігі 80,85% және ROC-AUC көрсеткіші 0,90. Өнімділікті одан әрі жақсарту үшін Optuna көмегімен бапталған CatBoost, XGBoost және LightGBM модельдері гибридті ансамбльдерге біріктірілді. CatBoost моделіне көбірек салмақ беретін WGB классификаторы ([3,1,1]) ең жоғары дәлдікке – 97,37%-ға қол жеткізді, одан кейін Stacking ансамбльдері (95,6%) және жұмсақ дауыс беру ансамбльдері (96%-ға дейін) орналасты. Бұл нәтижелер жоғары ROC-AUC көрсеткіштерімен расталды. Жалпы алғанда, зерттеу мұқият оңтайландырылған ансамбль модельдерінің өнімділікті болжау дәлдігін айтарлықтай арттыра алатынын көрсетеді, бұл Үндістанның климатқа сезімтал аймақтарында күріш өсіруді дәлірек әрі тұрақты етуге арналған практикалық құрал ұсынады.

312-325 34
Аңдатпа

Жасанды интеллект жүйелері денсаулық сақтау мен қаржы сияқты қауіпсіздік үшін аса маңызды салаларға барған сайын кеңінен енгізіліп жатқандықтан, олардың сенімділігі мен талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету өте маңызды. Терең нейрондық желілерді формалды верификациялау кеңінен зерттелгенімен, түсіндірмелілігі жоғары болғандықтан жиі қолданылатын шешім ағашы сияқты дәстүрлі модельдер оқытудан кейін әділдік пен тұрақтылық шектеулерін әдепкі түрде қамтамасыз ете алмайды. Бұл мақалада қанағаттандырудың модульдік теориялары (SMT) негізінде шешім ағашы классификаторларын формалды тексерудің жаңа әрі кешенді тәсілі ұсынылады. Біз оқытылған шешім ағаштарын логикалық шектеулерге түрлендіретін сенімді трансляциялау схемасын ұсынамыз. Бұл тәсіл шектеулер бойынша қорытынды жасауға мүмкіндік беріп, болжау кезінде демографиялық паритет пен жергілікті тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ұсынылған құрылым z3 SMT шешушісі арқылы жүзеге асырылып, әділдікті бағалауға арналған кеңінен танылған UCI Adult, German Credit және Loan Approval деректер жиынтықтарында тексерілді. Эксперимент нәтижелері шектеулер енгізілген модельдің демографиялық паритет бұзушылықтарын шекті дәлсіздігі 0,2%-дан аспайтын деңгейде тиімді түрде жоятындығын көрсетті. Бұл тәсіл SMT шешушісін тек диагностикалық құрал ғана емес, сонымен қатар реттелетін салаларға жарамды, әділдігі дәлелденген қорытындылау жүйесіне айналдырады.

326-339 49
Аңдатпа

Бұл зерттеу әскери және геосаяси оқиғаларға қатысты әлеуметтік желілер мен жаңалықтар платформаларынан жиналған 1000 мәтіннен тұратын аннотацияланған корпус құру арқылы күнделікті дискурстағы цифрлық қауіптерді талдауға бағытталған. Ұсынып отырған зерттеудің мақсаты ақпараттық операциялардың элементтері бар мәтіндердің аннотацияланған корпусын құру арқылы күнделікті дискурстағы цифрлық қауіптерді талдаудың шұғыл қажеттілігін шешу болып табылады. Әсер ету түрін, эмоционалды бояуды, жалған ақпарат белгілерін және авторлық ниеттерді (арандату, қорқыту және т.б.) қамтитын көп деңгейлі аннотация схемасы жасалды. Аннотация сапаны бақылау және контекстті ескере отырып, Label Studio-да орындалады; сенімділік Каппа=0,82 коэффициентімен расталады. Onto-IO-Bert моделі пилоттық экспериментте F1=0,81 көрсетті, бұл негізгі модельдерден асып түсті. Корпустың практикалық қолданылуы нақты Telegram хабарламаларын талдау арқылы расталады. Осы жұмыста Қазақстандық ІІМ кеңістігіндегі әскери ақпараттық операцияларды талдауға бейімделген аннотацияның көп деңгейлі моделі ұсынылған және құрылған корпус қолданыстағы деректер жиынтығындағы маңызды олқылықты толтырып, әскери ақпараттық операцияларды талдауға арналған жаңа ресурс болып табылады. Ұсынылған корпус қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерді қамтиды. Аннотация құрылымы манипуляциялық мазмұнның лингвистикалық және прагматикалық қырларын модельдеуді жеңілдетеді. Корпус келесі сілтеме бойынша жалпыға қолжетімді: https://github.com/baiangali/multi_mil.

340-352 39
Аңдатпа

Білім алу процесінде гомеостазды нейроэндокриндік реттеу қағидатына негізделген біріздендірілген жасанды иммундық жүйені пайдалану арқылы техникалық мамандықтар бойынша қашықтан оқытудың когнитивтік технологиясы әзірленді. Ұсынылған БЖИЖ–НЭЖ (біріздендірілген жасанды иммундық жүйе – нейроэндокриндік жүйе) технологиясы негізінде өнеркәсіптік автоматтандырудың күрделі объектілерін басқаруға арналған интеллектуалды қашықтан білім беру жүйесін іске асыру үшін иммундық, нейрондық және эндокриндік ішкі жүйелердің онтологиялық модельдерінен тұратын интеграцияланған онтологиялық модель жасалды. Осы модель негізінде оқу процесіне когнитивтік технологияны енгізуге арналған білім базасы қалыптастырылды. Деректерді екі кезеңде өңдеу үшін сыныптар мен ішкі сыныптар әзірленіп, олардың өзара әрекеттесуі қарастырылды: атап айтқанда, ақпараттық емес белгілерді редукциялау және биоинспирациялық алгоритмдер негізінде жіктеу міндеттері шешілді. Жүйе сапасын бағалау критерийлері өзара бірін-бірі жоққа шығаратын сыныптарға (жақсы және нашар нәтижелер) бөлу арқылы метрикалар негізінде әзірленді. Технология негізінде деректерді талдау нәтижесінде алынған кәсіби инженерлік дағдылар деңгейі, пәнді сәтті меңгеру ықтималдығы және білім алушының күрделі техникалық басқару міндеттерін шешуге дайындығы деңгейі болжанады. Бұл көрсеткіштер студенттің құзыреттерінің цифрлық профилі түрінде ұсынылады.

353-364 44
Аңдатпа

Бұл мақалада академиялық және мінез-құлық деректеріне негізделген оқушылардың сыни ойлау дағдыларын болжау үшін машиналық оқыту әдістерін қолдану мүмкіндігі қарастырылады. Сыни ойлау қазіргі заманғы білім беруде маңызды дағды ретінде кеңінен танылғанымен, оны тікелей бағалау қиын болып қала береді. Зерттеудің мақсаты – сыни ойлаудың дамуы мен академиялық жетістіктер, сыныптан тыс ісшараларға қатысу және курс таңдау сияқты өлшенетін факторлар арасындағы байланысты анықтау. Негізгі сипаттамаларды алу үшін 500 анонимді студент профилінен тұратын деректер жиынтығы жиналып, өңделді. Стандартты өнімділік көрсеткіштерін қолдана отырып, үш модель әзірленді және бағаланды: сызықтық регрессия, шешім ағашы және кездейсоқ орман регрессоры. Кездейсоқ орман моделі жоғары болжамдық өнімділікті көрсетті, шешім ағашы үшін 0,65 және сызықтық регрессия үшін 0,37 салыстырғанда R² мәні 0,84 болды. Зерттеу нәтижелері оқушылардың академиялық жетістіктері, курс таңдауы және сыныптан тыс іс-әрекет деңгейі олардың сыни ойлау қабілеттері туралы құнды түсінік беретінін көрсетеді. Жалпы алғанда, нәтижелер когнитивтік дағдыларды жанама бағалауға арналған деректерге негізделген тәсілдердің тиімділігін растайды, бұл оқу бағдарламасын әзірлеу, ерте араласу бастамалары және білім беру саясатын жоспарлау үшін практикалық салдарға ие. Оңай қолжетімді білім беру деректерін пайдалану арқылы бұл тәсіл оқыту аналитикасы саласында масштабталатын, объективті және жекелендірілген бағалау әдістерін әзірлеуге ықпал етеді.

ФИЗИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР

365-380 43
Аңдатпа

Берілген жұмыста LabVIEW бағдарламалық ортасы негізінде іске асырылған газ фазасынан плазмалықхимиялық тұндыру әдісімен наноматериалдарды синтездеу процесін автоматты бақылау жүйесі ұсынылған. Зерттеудің негізгі мақсаты – PECVD процесінің негізгі кезеңдерін дәйекті басқаруды қамтамасыз ететін бірыңғай бағдарламалық және аппараттық платформаны әзірлеу: вакуумдық камераны дайындау, қысымды бақылау, жұмыс газын беру, ЖЖ плазмасын жағу, ЖЖ қуатын үйлестіру, наноматериалдардың циклдік өсуі және плазмалық ортадағы нанобөлшектерді оптикалық бақылау. LabVIEW пайдалану атқарушы құрылғыларды басқаруды, эксперименттік параметрлерді тіркеуді және процесті нақты уақыт режимінде визуализациялауды біріктіруге мүмкіндік берді. Автоматтандырылған цикл жұмыс камерасын белгіленген қысымға келтіруден басталады. Келесі кезең эксперименттің қайталанатын бастапқы шарттарын қамтамасыз ететін белгіленген шекті мәнге жеткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Әрі қарай, бағдарлама газ шығынын басқару құрылғысы арқылы жұмыс газын беруді басқарады. Жұмыста газ ағынын басқарудың екі режимі қарастырылған: 0–5 В кернеумен аналогтық режим және RS-232 арқылы цифрлық байланыс режимі. Аналогтық әдіс басқару кернеуін дәл масштабтауды қажет ететіні көрсетілген, өйткені 5 В кернеу беру контроллердің максималды ағынға толық ашылуына әкеледі. Сонымен қатар, RS-232 интерфейсі шығынды sccm бірліктерінде тікелей орнатуға мүмкіндік береді, бұл газ ортасын басқарудың дәлдігі мен ыңғайлылығын арттырады. Қысым тұрақтандырылғаннан кейін LabVIEW ЖЖ разрядын жағып, шағылған қуатты азайтуға және плазмалық процестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған RF matching алгоритмін орындайды. Бағдарламаның жеке модулінде наноматериалдардың циклдік өсу режимі жүзеге асырылған, яғни плазманың жану уақыты, кідіріс уақыты және циклдер саны теңшеледі. Бұл тәсіл наноматериалдардың жиналуын бақылауға және процесс параметрлерін алынған наноқұрылымдардың морфологиялық сипаттамаларымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Жүйенің соңғы модулі тозаңды плазмадағы нанобөлшектер бұлтының тығыздығын оптикалық бақылауға арналған. Ол үшін RS-232 арқылы LabVIEW-пен байланысқан Keithley 2401 фотодетекторы мен өлшеу блогы арқылы плазма аймағынан өткен лазерлік сәулелену қарқындылығының өзгеруі тіркеледі. Бастапқы және өзгертілген сигнал қарқындылықтарының айырмашылығы нанобөлшектердің пайда болуы мен эволюциясының диагностикалық параметрі ретінде қолданылады. Әзірленген жүйе LabVIEW бағдарламасының жеке құрылғыларды автоматтандыру үшін ғана емес, сонымен қатар наноматериалдардың PECVD синтезін басқарудың толық цифрлық циклін құру үшін де тиімді қолданылатынын көрсетеді.

381-391 68
Аңдатпа

Никель көбігінің бетін сульфидтеу процесі жоғары электрохимиялық сыйымдылығы және электрохимиялық циклдеу кезінде жоғары тұрақтылығы бар Ni₃S₂ қабаттарын алу мақсатында жан-жақты зерттелді. Алайда электрохимиялық жұмыс жағдайларында Ni₃S₂/NF (никель көбігі) электродында түзіледі деп болжанатын никель гидроксиді қабаттарының рөлі әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Осы жұмыста гидроксидтік фазаның электрохимиялық сыйымдылыққа да, циклдік тұрақтылыққа да елеулі үлес қосатыны көрсетілді. Ni₃S₂/NF электроды тиомочевина қатысында 160 °C температурада бірсатылы гидротермалдық әдіспен дайындалды. NF бетінде бастапқыда түзілген Ni₃S₂ құрылымы кейіннен KOH электролитінде электрохимиялық циклдеу нәтижесінде модификацияланды. Электродтың электрохимиялық сыйымдылығының артуы бірнеше никель гидроксиді фазаларының түзілуімен қатар жүрді, бұл рентгендік дифракция (XRD) және Раман спектроскопиясы әдістерімен расталды. Электрод 20 А·г⁻¹ ток тығыздығында жүргізілген 20 000 гальваностатикалық заряд-разряд (GCD) циклі барысында максималды сыйымдылығының 90%-ын сақтап, жоғары циклдік тұрақтылық көрсетті. Ni₃S₂ электродының меншікті сыйымдылығы 2,7 А·г⁻¹ ток тығыздығында 758 Ф·г⁻¹ құрады. Ток тығыздығы 90 А·г⁻¹-ге дейін арттырылған кезде меншікті сыйымдылық 233 Ф·г⁻¹-ге дейін төмендеді, бұл 2,7 А·г⁻¹ ток тығыздығындағы мәннің шамамен 30%-ын құрайды.

392-400 46
Аңдатпа

Сулы мырыш-ионды батареялар (AZIBs) қауіпсіз, арзан және экологиялық таза энергия сақтау жүйелерінің болашағы зор түрлерінің бірі болып саналады. Алайда, мырыш анодының тұрақсыздығы, соның ішінде бақылаусыз дендриттік өсу, сутегінің бөлінуі және мырыштың қайтымсыз қапталу/шығарылу процестері олардың ауқымды қолданылуына кедергі келтіреді. Бұл мәселелер сыйымдылықтың тез төмендеуіне және қызмет ету мерзімінің қысқаруына әкеледі. Осыған байланысты электролитті оңтайландыру анодты тұрақтандырудың қарапайым әрі тиімді тәсілі ретінде ерекше мәнге ие. Жұмыстың мақсаты – әртүрлі құрамдағы ZnSO₄–Li₂SO₄ электролиттерінің (2 M ZnSO₄, 1.5 M ZnSO₄ + 0.5 M Li₂SO₄, 0.5 M ZnSO₄ + 1.5 M Li₂SO₄, 1 M ZnSO₄ + 1 M Li₂SO₄ және 2 M Li₂SO₄) мырыш анодына әсерін жүйелі түрде зерттеу. Электрохимиялық сипаттамалар циклдік вольтамметрия (CV), гальваностатикалық заряд-разряд сынақтары арқылы зерттелді, ал циклдеуден кейін анод бетінің морфологиясы сканерлеуші электрондық микроскопия (СЭМ) әдісімен талданды. Нәтижелер ZnSO₄ электролитіне Li₂SO₄ тұзын енгізу Zn²⁺ иондарының сольватациялық ортасын өзгертетінін көрсетті, соның арқасында мырыштың қайтымдылығы артып, дендриттердің түзілуі бәсеңдеді. Әсіресе, аралас электролиттер бір компонентті жүйелермен салыстырғанда төмен поляризацияны және айқынырақ кернеу қисықтарын көрсетті. Олардың ішінде 1 M ZnSO₄ + 1 M Li₂SO₄ теңмолярлы құрамы ең оңтайлы нәтижелерге қол жеткізді: тұрақты циклдеу, төмен интерфейстік кедергі және біртекті, дендритсіз морфология. Осылайша, электролиттік инженерия мырыш анодтарын тұрақтандырудың тиімді әдісі болып табылады және болашақта сулы мырыш-ионды батареяларды ірі көлемді энергия сақтау мақсатында дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

401-417 64
Аңдатпа

Жұмыста жылу-гидравликалық үдерістердің және қатты дене механикасы құбылыстарының динамикасы COMSOL Multiphysics бағдарламалық кешенінде соңғы элементтер әдісі негізінде модельденді. Нейтрондық-физикалық сипаттамаларды зерттеу үшін OpenMC бағдарламалық пакеті стационарлық нейтроника жуықтауында қолданылды. Торий негізіндегі реактордың белсенді аймағын оңтайландыру мақсатында салқындатқыш ретінде жоғары қысымды жеңіл су пайдаланылды. Белсенді аймақта торий қосылыстарымен толтырылған 49 отын штангасы орналастырылды. OpenMC пакетінде жүзеге асырылған Монте-Карло әдісі арқылы нейтрондардың тасымалдануын модельдеу нәтижесінде қарастырылған реактор үлгісінің тиімді көбейту коэффициенті (kₑff) мен қуаттың таралуы анықталды. Жылу-гидравликалық есептеулер нәтижесінде температуралық профильдер мен ағын жылдамдығының мәндері алынды, ал қатты дене механикасы бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде кернеулер мен деформациялардың кеңістіктік таралуы анықталды. Алынған нәтижелер стационарлық нейтроника мен өтпелі жылу-гидравликаны байланыстыра есептеу әдісін қолданудың тиімділігін растады.

МҰНАЙ ГАЗ ИНЖЕНЕРИЯСЫ ЖӘНЕ ГЕОЛОГИЯ

418-434 38
Аңдатпа

Мақала карьерлерде кен сапасын бақылау тұрғысынан жарылыс жұмыстары кезінде таужыныстардың жылжуын бақылаудың (BMM) экономикалық тиімділігін талқылайды. Жарылыс жұмыстары кезінде таужыныстардың жылжуы карьерлерде кен сапасын тиімді бақылауға кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі. Жарылыс кезіндегі есепке алынбаған ығысулар жиі кеннің құнарсыздануына, алынатын кеннің жоғалуына және қате классификацияға әкеліп соғып, нәтижесінде өңдеу мен экономикалық тиімділікті төмендетеді. Зерттеу жарылыс нәтижесінде пайда болатын таужыныс жылжуының табиғаты стохастикалық екендігіне және оны тек детерминистік модельдеу арқылы сенімді түрде қайта жаңғырту мүмкін еместігіне негізделген. Сондықтан жоғары дәлдіктегі сапаны бақылау үшін кен орнында тікелей өлшеулер жүргізу қажет. Жарылыс блогындағы бірнеше бақылау нүктесінен үшөлшемді ығысу векторларын тіркеу арқылы BMM жүйесі жарылыстан кейін кен шекараларын дәлірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл көпнүктелі тәсіл кеңістіктік өзгергіштікті ескереді және қазу жұмыстарына дейінгі құрам жоспарларын түзету үшін сенімді негіз ұсынады. 2024 ж. Жайрем кен байыту комбинатында BMM жүйесінің пилоттық енгізілуі жүзеге асырылды, ал қазіргі уақытта бұл жүйе Қазақстандағы бірнеше тау-кен компаниясында қолданылуда. Жайрем кен орнынан алынған деректерді пайдалана отырып, зерттеу бақылаусыз таужыныс ығысуының операциялық салдарын, соның ішінде кеннің жоғалуын, құнарсыздануын және қате классификацияны сандық түрде бағалайды. Нәтижелер бос жыныстар мен кен арасындағы шекараларды дәлірек анықтау ресурс тиімділігін арттырып, пайдалылықтың тікелей өсуіне ықпал ететінін көрсетеді. Осы нәтижелер негізінде мақалада жарылысты бақылау жүйелеріне инвестициялық шешімдерді қолдауға арналған қаржылық шығындарды бағалау құралы ұсынылады. Бұл құрал операторларға BMM енгізудің шығын-пайда арақатынасын жүйелі түрде бағалауға және сапаны бақылау стратегияларын кең экономикалық шеңберде оңтайландыруға мүмкіндік береді.

435-450 45
Аңдатпа

Мақалада Орталық Африка Мыс белдеуінің оңтүстік жиегінде (Замбия) орналасқан стратиформды мыскобальт минералдануының перспективалы аймақтарын тек аэрогеофизикалық деректер негізінде айқындауға арналған тәсіл ұсынылған. Пайдаланылған деректер гравиметриялық, магниттік, радиометриялық және бедерлік параметрлерді қамтиды. Талдау барысында кластерлеудің үш алгоритмі – K-Means, Fuzzy C-Means (FCM) және Кохоненнің өзін-өзі ұйымдастыратын карталары (Self-Organizing Maps, SOM) қолданылып, кейін олардың нәтижелері тұрақты мақсатты аймақтарды бөліп көрсету мақсатында консенсустық кластерлеу аясында біріктірілді. Әрбір кластер үшін негізгі геофизикалық туынды көрсеткіштер, оның ішінде еңіс туындысы, толық көлденең туынды және аналитикалық сигнал, сондай-ақ U/Th және U/K радиометриялық қатынастары есептеліп, өзара салыстырылды. Ең перспективалы кластер әдебиеттерге негізделген геофизикалық шекті мәндер арқылы валидацияланып, оның белгілі іздеу критерийлері мен өңірлік құрылымдық заңдылықтарға сәйкес келетіні көрсетілді. Қорытынды перспективалылықтың ықтималдық картасы FCM алгоритмінің мүшелік мәндері негізінде құрастырылып, кейін сенімділіктің үш деңгейіне жіктелді. Бұрғылау деректерінің болмауы нәтижелердің дәлдігін тікелей сандық бағалауға мүмкіндік бермегенімен, алынған қорытындылар көппараметрлі аэрогеофизикалық деректерге қолданылған мұғалімсіз оқыту әдістерінің геологиялық ақпарат тапшы жағдайларда барлау жұмыстарының бастапқы кезеңдерінде тиімді пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетті. Ұсынылған тәсілді аз зерттелген аумақтарда жасанды интеллектке негізделген перспективалылықты бағалаудың қайта жаңғыртылатын әдістемелік негізі ретінде қарастыруға болады.

451-463 37
Аңдатпа

Терең жатқан коллекторларды пайдалану процесінде кеуекішілік қысымның өзгеруі нәтижесінде тау қысымы мен кеуекішілік қысым арасындағы айырма жыныс қаңқасының деформациялануына жеткілікті деңгейге дейін артады, соның салдарынан жыныстардың сыйымдылық және сүзгілік қасиеттері едәуір өзгереді. Мұндай жағдайда флюидтердің көлденең ұңғымаларға келіп құйылу сипаты таяз орналасқан коллекторлардағы жағдайдан айтарлықтай өзгеше болады деп күтіледі. Осыған байланысты жарықшақты және деформацияланатын коллекторлардан құралған терең жатқан кен орындарын көлденең ұңғымалар арқылы игеру кезінде сүзгілік процестерді модельдеу әдістерін дамыту қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан деформацияланатын коллекторлар жағдайында жұмыс істейтін көлденең ұңғымалардың өнімділігін анықтау әдістерін әзірлеуге бағытталған зерттеулер өзекті ғылыми-практикалық мәселе саналады. Мақала деформацияланатын біртекті және біртекті-анизотропты қабаттардағы сұйықтардың сүзілу процестерін гидродинамикалық зерттеу әдістемесін жетілдіруге және оларды көлденең әрі тік ұңғымалар арқылы пайдалану жағдайында талдауға арналған. Қазақстандағы ірі кен орындарының бірі – Z кен орны ұзақ уақыт бойы қажетті мұнай өндіру деңгейін қамтамасыз етіп келді және қазіргі уақытта игерудің соңғы кезеңіне жақындап отыр. Соңғы жылдары газасты аймақтарында орналасқан өткізгіштігі төмен коллекторларда, жоғары тұтқыр мұнайы бар қабаттарда, сондай-ақ жарықтармен және белсенді табан суларының болуымен күрделенген қабаттарда қалдық мұнай қорларын өндіру қиын кен орындарының саны айтарлықтай артты. Мұндай объектілерді тиімді игеру ұңғымаларды пайдаланудың дәстүрлі технологиялары арқылы қамтамасыз етілмейді. Қазіргі уақытта мұнай және газ кен орындарын көлденең ұңғымалар арқылы игеру қиын өндірілетін мұнай мен газ қорларын өнеркәсіптік игеруге тартудағы ғылыми-техникалық прогрестің басым бағыттарының бірі саналады.

 

464-480 42
Аңдатпа

Кешенді зерттеу Солтүстік-Батыс Балқаш өңіріндегі темір скарн кенорындарының қалыптасуын анықтайтын негізгі геологиялық және минералогиялық факторларды, Жуантөбе және Қарауылкен сияқты үлгілік кенорындар негізінде айқындады. Геологиялық карталау, минералогиялық және петрографиялық бақылаулар, геохимиялық деректер мен геофизикалық интерпретациялардың интеграцияланған талдауы скарн түзілуінің магматикалық, құрылымдық және флюидтік факторлармен бақыланатын көпсатылы контактылы-метасоматикалық жүйе екенін көрсетеді. Минералдық қауымдастықтардың таралуы мен кеннің текстуралық-құрылымдық типтеріндегі жүйелі заңдылықтар анықталып, олар флюидтік режимдердің және кен түзілуінің физика-химиялық жағдайларының өзгерістерін бейнелейді. Алынған нәтижелер Солтүстік-Батыс Балқаш өңіріндегі темір скарндарының аймақтық генетикалық моделін нақтылап, жаңа кен нысандарының болжамын жасау және барлау әлеуетін бағалау үшін қолданылуы мүмкін.

481-493 83
Аңдатпа

Осы зерттеудің мақсаты – Архарлы кен орнының тотығу аймағындағы алтынның фазалық түрлерін анықтау және олардың алтын мен күмісті алу тиімділігіне әсерін бағалау. Негізгі зерттеу әдістері ретінде минералогиялық талдау, электрондық-зондтық зерттеулер және технологиялық сынақтар қолданылды. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде күмістің галогенидтері анықталып, олардың алтынмен генетикалық байланысы көрсетілді, сондай-ақ алтынның қайта таралуындағы гипергендік процестердің рөлі негізделді. Архарлы алтын-күміс кен орны (Қазақстан) кендердің күрделі құрамымен және алтынның әртүрлі кездесуімен сипатталады, бұл олардың өңдеу тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді. Жұмыста тотығу аймағындағы алтынның фазалық түрлері және олардың технологиялық көрсеткіштерге әсері қарастырылған. Минералогиялық, электрондық-зондтық және технологиялық зерттеулер негізінде алтынның әртүрлі түрде кездесетіні анықталды: әртүрлі сынамалы табиғи алтын, электрум, сондай-ақ күміс минералдарымен байланысқан ұсақ дисперсті бөлшектер. Ерекше назар тотығу аймағында кең таралған және табиғи күміс пен алтынмен күрделі бірігулер түзетін күміс галогенидтеріне аударылды. Минералдық агрегаттардың текстуралық-құрылымдық ерекшеліктері гипергендік жағдайларда алтынның қайта таралуын көрсетеді. Алтынды фазалардың қалыптасуы заттың хлоридтік және, мүмкін, коллоидтық миграциясымен байланысты, бұл зоналық құрылымдардың және жоғары сынамалы алтын қосындыларының түзілуіне әкеледі. Технологиялық сынақтардың нәтижелері алтынның ұсақ дисперсті сипатына байланысты гравитациялық байытудың төмен тиімділігін және циандау мен сорбциялық шаймалаудың жоғары тиімділігін көрсетті (алтынды алу 93,5%-ға дейін). Алтынның фазалық түрлері мен оны алу көрсеткіштері арасында тікелей байланыс анықталды. Алынған нәтижелер тотығу аймағындағы алтынның мінез-құлқын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және күрделі алтын-күміс кендерін өңдеудің тиімді технологияларын әзірлеуде қолданылуы мүмкін.

494-503 40
Аңдатпа

Скарнды темір кен орындары әлемдік темір ресурстарының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Алайда оларды игеру көбінесе ашық әдіспен жүргізілетін ауқымды тау-кен жұмыстарына байланысты қоршаған ортаға елеулі әсер етеді. Осы зерттеуде Орталық Қазақстандағы Жуантөбе скарнды темір кен орнының геологиялық және геоэкологиялық жағдайына кешенді баға беріліп, кен түзілу процестері мен тау-кен жұмыстары жүргізілетін жағдайдағы қоршаған орта өзгерістері арасындағы өзара байланыс қарастырылады. Зерттеу барысында геологиялық, минералогиялық, геохимиялық және геофизикалық деректер, сондай-ақ 2018–2025 жж. аралығында жүргізілген ұзақ мерзімді экологиялық мониторинг нәтижелері кешенді түрде талданды. Рудалы денелер күрделі морфологиясымен сипатталады және олардың қалыптасуы жарылымдық құрылымдармен, сондай-ақ скарн түзілуінің көпсатылы эволюциясымен байланысты. Бұл эволюция барысында проградты (гранат–пироксен) және ретроградты (магнетит–сульфид) кезеңдер ажыратылады. Экологиялық мониторинг нәтижелері антропогендік жүктеменің жүйелі түрде төмендегенін көрсетті. Атап айтқанда, шаң жүктемесінің 40%-дан астамға, топырақтағы темір мөлшерінің шамамен 40%-ға және көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 35%-ға азайғаны анықталды. Зерттеу нәтижелері табиғатты қорғау шараларын кешенді түрде енгізу қоршаған орта көрсеткіштерін рұқсат етілген шектерде тұрақтандыруға мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Сонымен қатар, жұмыста геологиялық құрылым мен экологиялық жағдай арасындағы өзара байланысты сипаттайтын тұжырымдамалық негіз ұсынылып, скарнды темір кен орындарын тұрақты игеру тәжірибесінде қолдануға болатын әмбебап тәсілдер негізделген.

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БИЗНЕС

504-523 43
Аңдатпа

Жобаларды басқару саласындағы зерттеулер жоғары табысты институционалдық ортада кеңінен дамыған. Алайда соңғы 15 жыл ішінде капиталға бай жобалық қызмет дамушы елдерге ауысты, мұнда стандартты басқару шеңберлері көбінесе өз тиімділігін көрсете бермейді. Бұл зерттеу 2015–2025 жж. аралығында жарияланған, 20 дамушы ел мен 8 көпұлтты ортадағы жобаларды басқарудағы маңызды табысқа жету факторлары (Critical Success Factors – CSF) мен тәуекелдерді қарастырған 41 рецензияланған эмпирикалық мақаланы жүйелі түрде талдауға негізделген. Шолу әдебиеттегі үш тұрақты олқылықты жоюға бағытталған: табысқа жетудің маңызды факторлары мен тәуекелдердің ұғымдық тұрғыдан ажыратылмауы, дамушы елдерге бағытталған зерттеулердің шектеулі болуы және елдер арасындағы тәжірибені біртұтас теориялық шеңберде біріктіретін интеграциялық синтездің болмауы. PRISMA хаттамасына сәйкес зерттеуде институционалдық теория мен контингенттік теорияға негізделген дедуктивті жіктеу тәсілі эмпирикалық материалды индуктивті кодтаумен ұштастырылды. Индуктивті кодтау нәтижесінде 22 маңызды табыс факторы және 21 тәуекел факторы анықталды. Олардың ішінен 8 маңызды табыс факторы мен 8 негізгі тәуекел факторы іріктеліп, екі теориялық көзқарас тұрғысынан синтезделді. Институционалдық теория саяси және институционалдық факторлардың басымдығын мәжбүрлеуші, нормативтік және миметикалық механизмдер, сондай-ақ институционалдық олқылықтар арқылы түсіндіреді. Ал контингенттік теория жобаның көлеміне, секторына және іске асыру әдісіне байланысты жүйелі айырмашылықтарды ескеруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері жоба тәуекелдерінің сипаты жобаның көлемі ұлғайған сайын жүйелі түрде өзгеретінін көрсетті: шағын жобаларда негізгі тәуекелдер мүдделі тараптардың үйлесімділігімен байланысты болса, орта көлемді жобаларда институционалдық әлеует мәселелері алдыңғы орынға шығады, ал ірі жобаларда макроэкономикалық және саяси тәуекелдер басым болады. Зерттеу қорытындылары жоба менеджерлеріне, мемлекеттік институттарға және даму қаржы институттарына практикалық ұсыныстар ұсынады.

524-533 40
Аңдатпа

Бұл зерттеу гринфилд инфрақұрылымдық жобалардағы жоба сипаттамалары мен инвестиция көлемі арасындағы байланысты талдауға бағытталған. Қолданыстағы тікелей шетелдік инвестициялар жөніндегі зерттеулер негізінен макроэкономикалық факторларға назар аударса, жобаға тән сипаттамалардың рөлі жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Зерттеуде Дүниежүзілік банктің Private Participation in Infrastructure (PPI) дерекқорынан алынған 131 инфрақұрылымдық жоба негізінде көптік сызықтық регрессия әдісі қолданылады. Талдау барысында физикалық активтер, жоба қуаттылығы, бәсекелестік шарттары, қаржыландыру құрылымы және елдік факторлардың инвестиция көлеміне әсері бағаланады. Нәтижелер физикалық активтердің инвестиция көлеміне оң және статистикалық маңызды әсер ететінін көрсетеді, бұл инфрақұрылымдық жобалардың капитал сыйымдылығын растайды. Ал жоба қуаттылығы кері бағыттағы маңызды байланыс көрсетеді, бұл ауқым тиімділігі немесе өнімділіктің артуымен түсіндірілуі мүмкін. Қалған айнымалылар, соның ішінде бәсекелестік деңгейі, қаржылық құрылым және елдік факторлар статистикалық маңызды әсер көрсетпейді. Зерттеу нәтижелері гринфилд жобалардағы инвестициялар көбіне сыртқы жағдайларға емес, жобаның ішкі құрылымына тәуелді екенін көрсетеді. Бұл макроэкономикалық факторлардан гөрі жобалық деңгейдегі талдаудың маңыздылығын арттырады. Практикалық тұрғыдан алғанда, нәтижелер мемлекеттік органдар мен инвесторларға инвестиция тартуда макроэкономикалық жағдайларға ғана емес, жобаның техникалық құрылымы мен сапасына басымдық беру қажеттігін көрсетеді.

534-550 56
Аңдатпа

Мақала дамушы елдердегі жобаларды басқару тәжірибесінде Environmental, Social and Governance (ESG) қағидаттарын енгізудің негізгі қозғаушы күштері мен кедергілерін қарастырады. Зерттеу Scopus дерекқоры негізінде PRISMA логикасына сәйкес жүргізілген жүйелі әдеби шолуға сүйенеді, ал нәтижелер институционалдық теория тұрғысынан түсіндіріледі. Іздеу барысында 605 жазба анықталып, скрининг пен сәйкестікті бағалаудан кейін 40 рецензияланған зерттеу талдауға енгізілді. Нәтижелер ESG қағидаттарын енгізу реттеуші қысымның, ұйымдық дайындықтың, қаржылық мүмкіндіктің, мүдделі тараптарды үйлестірудің және іске асыру әлеуетінің өзара байланысы арқылы қалыптасатынын көрсетеді. Негізгі драйверлерге қолдаушы реттеу, мүдделі тараптардың қысымы мен қатысуы, оқыту, басшылықтың қолдауы, басқару тетіктері және технологиялық мүмкіндіктер жатады. Негізгі кедергілер ретінде жоғары бастапқы шығындар, қаржыландырудың шектеулі болуы, реттеудің фрагменттелуі, кәсіби құзыреттіліктің жеткіліксіздігі, хабардарлықтың төмендігі, мәдени қарсылық және мүдделі тараптардың әлсіз қатысуы анықталды. Нәтижелер ESG өлшемдері арасында назардың біркелкі бөлінбегенін көрсетеді. Басқару өлшемі ең көп кездеседі – 62,5%. Экологиялық өлшем одан кейін 55,0%. Әлеуметтік өлшем ең аз назарға ие – тек 32,5%. Мақалада ESG енгізу мен жобалық деңгейдегі нақты операциялық тәжірибелер арасындағы тұрақты алшақтық атап өтіледі. Нәтижелер ESG енгізуді институционалдық жағдайлар мен ұйымдық әлеуетке тәуелді процесс ретінде түсінуге үлес қосады, сондай-ақ жоба менеджерлері, ұйымдар және саясаткерлер үшін практикалық ұсынымдар ұсынады.

551-559 58
Аңдатпа

Жобаларды басқару саласындағы зерттеулер жоғары табысты институционалдық ортада кеңінен дамыған. Алайда соңғы 15 жыл ішінде капиталға бай жобалық қызмет дамушы елдерге ауысты, мұнда стандартты басқару шеңберлері көбінесе өз тиімділігін көрсете бермейді. Бұл зерттеу 2015–2025 жж. аралығында жарияланған, 20 дамушы ел мен 8 көпұлтты ортадағы жобаларды басқарудағы маңызды табысқа жету факторлары (Critical Success Factors – CSF) мен тәуекелдерді қарастырған 41 рецензияланған эмпирикалық мақаланы жүйелі түрде талдауға негізделген. Шолу әдебиеттегі үш тұрақты олқылықты жоюға бағытталған: табысқа жетудің маңызды факторлары мен тәуекелдердің ұғымдық тұрғыдан ажыратылмауы, дамушы елдерге бағытталған зерттеулердің шектеулі болуы және елдер арасындағы тәжірибені біртұтас теориялық шеңберде біріктіретін интеграциялық синтездің болмауы. PRISMA хаттамасына сәйкес зерттеуде институционалдық теория мен контингенттік теорияға негізделген дедуктивті жіктеу тәсілі эмпирикалық материалды индуктивті кодтаумен ұштастырылды. Индуктивті кодтау нәтижесінде 22 маңызды табыс факторы және 21 тәуекел факторы анықталды. Олардың ішінен 8 маңызды табыс факторы мен 8 негізгі тәуекел факторы іріктеліп, екі теориялық көзқарас тұрғысынан синтезделді. Институционалдық теория саяси және институционалдық факторлардың басымдығын мәжбүрлеуші, нормативтік және миметикалық механизмдер, сондай-ақ институционалдық олқылықтар арқылы түсіндіреді. Ал контингенттік теория жобаның көлеміне, секторына және іске асыру әдісіне байланысты жүйелі айырмашылықтарды ескеруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері жоба тәуекелдерінің сипаты жобаның көлемі ұлғайған сайын жүйелі түрде өзгеретінін көрсетті: шағын жобаларда негізгі тәуекелдер мүдделі тараптардың үйлесімділігімен байланысты болса, орта көлемді жобаларда институционалдық әлеует мәселелері алдыңғы орынға шығады, ал ірі жобаларда макроэкономикалық және саяси тәуекелдер басым болады. Зерттеу қорытындылары жоба менеджерлеріне, мемлекеттік институттарға және даму қаржы институттарына практикалық ұсыныстар ұсынады.

560-571 68
Аңдатпа

Тұрақты қаржы жаһандық және қоғамдық мәселелерді шешудің маңызды құралына айналды, өйткені ол инвестициялық және басқарушылық шешімдер қабылдау үдерісіне экономикалық, әлеуметтік және басқарушылық факторларды біріктіреді. Үндістанның жастар саны көп әрі қарқынды дамып келе жатқан қалалық орталығы саналатын Хайдарабадта Z ұрпағы инвесторлары тұрақты қаржы саласының қалыптасуына барған сайын ықпал етуде. Бұл зерттеу Хайдарабадтағы Z ұрпағы тұрақты қаржы туралы хабардарлығын, мотивациясын және инвестициялық мінез-құлқын, әсіресе олардың әлеуметтік медиа платформалары арқылы қатысуын талдауға бағытталған. SmartPLS бағдарламасы арқылы құрылымдық теңдеулерді модельдеу әдісін қолдана отырып, құрылымдалған сауалнама негізінде Z ұрпағына жататын 152 респонденттен бастапқы деректер жиналды. Зерттеу нәтижелері тұрақты қаржыға деген көзқарастың инвестициялық мінез-құлықтың ең күшті болжаушысы екенін көрсетті (β = 0.5583, p = 0.0092), одан кейін технологиялық хабардарлық маңызды орын алады (β = 0.4125, p = 0.0486), ал қаржылық сауаттылықтың өзі статистикалық тұрғыдан маңызды болжаушы болып табылмады (β = 0.3087, p = 0.1253). Бұл нәтижелер қаржылық сауаттылық тұрақты инвестицияларға қатысудың негізгі факторы деген дәстүрлі түсінікке күмән келтіріп, технологиялық қолжетімділік пен құндылықтық сәйкестікті мінез-құлықты қалыптастыратын анағұрлым ықпалды факторлар ретінде көрсетеді. Зерттеу Z ұрпағының Хайдарабадты Үндістандағы тұрақты қаржының үлгілі қаласына айналдырудағы трансформациялық әлеуетін көрсетеді және саясаткерлерге, қаржы институттарына және білім беру ұйымдарына практикалық ұсыныстар ұсынады.

Хабарландырулар

2026-05-05

Журнал Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми басылымдар тізбесінің 1-Тізіміне енгізілді

«Қазақстан-Британ техникалық университетінің Хабаршысы» ғылыми журналы ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдардың 1-Тізіміне енгізілді.

Тағы хабарландырулар...